Онды ауылында құрылған Аналар кеңесі облыс тұрғындарына үндеу жолдап, "Арақсыз ауыл, есірткісіз ел" болуға шақырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Былтыр Онды ауылында "Аналар кеңесі" құрылып, бастамасымен ауылдағы дүкендерде арақ-шарап сатылмайтын болды. Соның нәтижесінде Онды "Арақсыз ауыл" атанды және соңғы 1 жыл ішінде ешқандай қылмыс тіркелмегені байқалды. Осы ретте аналар өңірдегі өзге ауылды да осы үрдісті ұстануға шақырды.
- Халыққа үндеу жолдамас бұрын, бірінші өз ауылымызда бір жыл сынақ өткіздік. Нақты нәтиже болғаннан кейін тәжірибемізді басқа ауылдарға таратқанды жөн санадық. Біздің ұсыныс - арақ сатқан дүкеннен ешбір ана сауда жасамасын! Азық-түлік дүкенінде сауда жасайтын адамның 90 пайызы - аналар. Егер де аналар, арақ-шарап сататын дүкендерден мүлдем сауда жасамаса, дүкен иелері арақ сатуды өздері тоқтатады. Балаңыздың, немереңіздің, ұрпағыңыздың болашағы үшін бастамамызды қолдаңыз, - деді Онды ауылының аналары.
Әрі қарай мәдениет үйінде ақ жаулықты аналарға арналған "Әлемнің жарығы" атты мерекелік шара өтті. Шарада ауыл әкімі Қуаныш Жәнібекұлы сөз сөйлеп, ауылдың ұйытқысына айналған аналарды 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Сондай-ақ "Арақсыз ауыл, есірткісіз ел" бастамасын қолдаған кәсіпкерлерге Алғыс хат табыстады.
Мерекелік кешке облыстық "Аналар кеңесі" төрағасының орынбасары, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Жақсыгүл Махамбетова мен Yessenov University білім беру факультетінің деканы, п.ғ.к. Райхан Озғанбаева келді. Ондыдағы оң бастаманы қолдайтынын және ұрпақтың саналы әрі тәрбиелі болып өсуіне септігін тигізетінін тілге тиек етті. Әрі қарай шара әсем ән мен күйге жалғасты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА